Аймақтар • 18 Шілде, 2018

Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы жас офицерлермен толықты

486 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығында Қазақстан мен Ресей елінің Әскери оқу орындарының офицер-түлектерімен оқу-әдістемелік жиын өтті.  Ұлттық ұланның Әскери институтын оқып  бітірген жас лейтенанттар  жедел шақырылымдағы сарбаздарды және өз ісінің кәсіби маманы болған  келісім-шарт негізіндегі әскери қызметкерлердің жеке құрамын да басқаратын болмақ.

Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы жас офицерлермен толықты

Фото: автор

- Жиын барысында лейтенанттар өз кәсіби дайындықтарын жоғарылатып, алдағы әскери қызметіне кіріспес бұрын  білім мен біліктіліктерін сынап, шеберліктерін шыңдайтын болады, - деді «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінің басшысы Бағдат Амангелді, - 3 күнге созылған оқу-әдістемелік жиын барысында лейтенанттар жеке құраммен саптық және атыс дайындықтарын жүргізуді тағы бір пысықтап, тәжірибелі офицерлерден тәлім алды. Сонымен қатар әскери жарғылар бойынша білімдері сыналып, дене дайындықтарын анықтау мақсатында спорттық нормативтер тапсырды.

Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Талапкер Амриев жас лейтенанттармен кездесіп, өзінің әскери өміріндегі тәжірибелерімен де бөлісті.

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының жауынгерлік дайындық басқармасының басшысы полковник Сергей Сергеевтің айтуынша, олардың басты мақсаты - жас лейтенанттарды «Шығыс» өңірлік қолбасшылықтарына қарасты Семей, Өскемен сияқты әскери бөлімдерге таратып, өз мамандықтары бойынша тиісті лауазымдарға тағайындау.

Қазіргі Түркістан облысы, Сарыағаш ауданы, Темірші ауылында дүниеге келген лейтенант Серік Оралбай алғашқы әскери қызметін «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты Павлодардағы 5512 әскери бөлімінде бастамақшы. Ол Ұлттық ұланның Әскери Институтын тәрбиеші мамандығы бойынша тәмәмдаған.             

- Алдағы уақытта өз мамандығым бойынша сарбаздарды тәрбиелейтін боламын және біз Отан қорғаушыларымыздың рухын моральдық психологиялық жай-күйін ретке келтіретін боламыз. Бұл мамандық жеке мен үшін ең басты жауапкершілік болып саналады, - дейді Серік Әбдірашидұлы.                                              

Раушан НҰҒМАНБЕКОВА